Пандемия облыс орталығынан шалғайдағы Құрманғазы ауданының Азғыр өңірінің тұрғындарын қиын жағдайда қалдырды.
Оған дейін азғырлықтар барлық керек-жарағын 60 шақырымдағы Ресейдің Харабайлы қаласынан (Астрахань облысы) алып келген болатын. Ал шекара жабылған соң азғырлықтар 500 шақырымдағы Атырау қаласынан, 260 шақырымдағы аудан орталығы Құрманғазы ауылынан, одан қалса Батыс Қазақстан облысындағы Бөкей Орда, Жаңақала аудандарынан тасымалдауға мәжбүр болды.
- Жолдың жайын жақсы білесіздер ғой, УАЗ, «Нива» көліктерінен басқасы жүре алмайды. Жол шығынымен қосқанда баға едәуір шарықтайтыны жасырын емес. Әйтпесе дүкендеріміз өзін-өзі ақтамай жабуға тура келер еді, – дейді жергілікті кәсіпкерлер. – Тұрғындар көбіне қарызға сұрайды. Ақшасын кейін жалақысынан немесе зейнетақысынан төлейді. Міне, дәптеріміз бар, тізім жетеді, бұлар қарызға кіріп отырғандар.
Азғыр округіне қарасты Балқұдықта 5, Азғыр ауылыеда 1 дүкен жұмыс жасаса, Қоңыртеректе мүлдем жоқ. Асан ауылдық округінде: Асанда 2, Үштағанда 4 дүкен бар. Сүйіндік ауылдық округіне қарасты Сүйіндік ауылында 10 дүкен жұмыс жасаса, Жалғызапан, Батырбек және Егінқұдықта мүлдем дүкен болмаған.
Азғыр өңіріндегі дүкендерде 1 сұрыпты 50 кг ұн 12500-13000, күріш 1 кг 300-450, рожки 320-450, қант 300-440, картоп 300-323, сәбіз 250-300, жуа 180-200, қырықабат 220-300, тауық еті 1300-1500, сүт 350-400, өсімдік майы 650-1000, сары май 960-1000, жұмыртқа 45-60, сүзбе 800-1000, айран 350-400 теңге тұрады.
- Жалпы өңір тұрғындары Атырау қаласына немесе аудан орталығына келген жағдайда өз көліктерімен келсе бір айға жетерлік азық-түлік өнімдерін алып кетеді, – дейді аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы Асқар МҰФТАХ. – Біз бағаларға қатысты ахуалды бақылауға алуға тырысамыз. Ал әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын реттеу жөнінде құрылған аудандық штаб мүшелері ірі сауда орындарын, базарларды аралап, түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.