АТЫРАУДАCOVID-19

АТЫРАУДА КІМДЕР ҚАЙТА ЕКПЕ АЛАТЫНЫ БЕЛГІЛІ БОЛДЫ

Кімдер ревакцинациядан өтуге, яғни, қайта екпе алуы керек? Жүкті әйелдер мен құрсақтағы бала денсаулығына вакцина қалай әсер етеді? Вакциналардың бір-бірінен айырмашылығы мен артықшылығы бар ма? Осы және өзге де сауалдар Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында өткен брифинг барысында қойылды.

Былтыр жүкті әйелдер мен балалар арасында тіркелмеген коронавирус инфекциясы биылғы маусым-шілдеде көп тіркелгенін айтқан №1 қалалық емхананың бас дәрігер орынбасары Дина Камелова екпеге енжар қарамауға шақырды.  

– Биыл өңірде мыңдаған аналар ауру жұқтырып, жүзге жуығы жан сақтау бөлімінен шықты. Біздің емхананың өзінде 600 бала үйден ем алды. Дельтавирустың кесірінен көптеген адам өз өмірімен қоштасты. Сондықтан екпе алу арқылы аурудың алдын алған жөн. «Екпе құрсақта жатқан балаға теріс әсер етпей ме?» деген сұрақ жиі қойылады. Ешқандай зияны жоқ екені ғылыми дәлелденгенін айтқым келеді. Жүкті әйелдерге вакцина тек 16-37 апта аралығында ғана салынады. Себебі, басқа уақытта ұрықтың дамуына кедергі келмеуі керек. Ағзадағы жалпы әлсіздік, аздаған дене қызуы, бас аууры мен екпе орнының ауырсынуы тұмауға қарсы күнтізбелік екпе алғанда да байқалатынын қаперге бергім келеді. Сондықтан КВИ-ға қарсы екпеден қорқудың қажеті жоқ. Екпе қаламыздың барлық емханаларында жүргізіледі, – дейді дәрігер.

Атырау қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары Мұрат Камзиннің айтуынша, өңірде ревакцинация 22 қарашада басталған. Бір ескеретіні, векторлы вакцина алғаннан кейін 9 ай, инактивті және м-РНК-вакцинадан соң 6 ай өткенде ғана ревакцинация жүзеге асырылады.

– «Комирнати» вакцинасын «BioNTech» компаниясы американдық Pfizer-мен бірлесіп жасаған. 20 қарашада аймаққа 32 760 вакцина келді. Оны 12-17 жас аралығындағы балалар, лактация кезіндегі және жүкті әйелдер тегін ала алады. Қазір екпе алып үлгерген 36 адамның 20-сы – балалар, 14-і – бала емізетін аналар, екеуі – жүкті әйелдер. Екпе құрамдарының арасы – 21 күн.

Осы орайда, ерекше тоқталғым келетіні, кім қандай екпе алғысы келсе де, өз еркі. Ешкімнің оларды мәжбүрлеуге құқығы жоқ. Ал, Атырау облысындағы вакцинациялау барысына келсек, тұрғындардың көбісі шетелдік вакцина алып жатыр деген алып-қашпа әңгімемен келіспеймін. Шүкір, балаларының денсаулығына алаңдап екпе алатын ата-аналар аз емес. Біз үгіт-насихат жұмыстарымен айналыспаймыз. Тек мектептерде жүкті әйелдермен түсіндіру жұмыстарын ғана жүргіземіз. Сондай-ақ, ата-аналардың қатысуымен семинарлар өткіземіз.  

Еліміздің «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесi туралы» Кодексіне сәйкес, ел азаматтары өз денсаулықтарын сақтауға, өзгелердің денсаулығына да жауапкершілікпен қарауға міндетті. Ал, біздің мақсат – осы бағытта қол ұшын беру. Балалар мен жүкті әйелдерге арналған Pfizer вакцинасы ересектерге егілетін өзге екпелерден еш артықшылығы жоқ. Әзірге ғалымдар вакциналардың өзара айырмашылығын нақты анықтаған жоқ. Сондықтан оларды бір-бірімен салыстыруға әлі ерте, – деді Мұрат Мәлікұлы.     

Атырау қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының эпидемиологиялық бақылау және қадағалау бөлімінің басшысы Әсел Мукаеваның сөзінше, вакциналардың бәрінің де мақсаты бір – ағзадағы антиденелерді көтеру. Айтуынша, медицина қызметкерлері, күштік құрылым қызметкерлері, 60 жастан асқандар қайта ревакцинациялауға жатады. Бір ескеретіні, ревакцина кезінде бұрын алған екпені емес, басқасын салдырған дұрыс.  

Амандық АБДОЛ

Тақырып бойынша мақалалар

Back to top button