АТЫРАУДА

АТЫРАУДА КӨП БОЛЫП ІЗДЕГЕН АЗАМАТ ТАБЫЛДЫ

Құрманғазылық тұрғын жоғалған ұлын аман-сау тапқан полицейлерге алғыс айтты.

15 қараша күні Құрманғазы ауданында үйінен шығып кетіп, хабар-ошарсыз кеткен 31 жастағы ұлын іздеген ана Мереке Қошекенова көмек сұрайды.

  • 1990 жылы туылған ұлым үйден белгісіз бағытқа шығып кетіп, өз күшімізбен 1-2 күндей іздегенмен таба алмадық. Полицияға арыз жаздым. Баламды тез арада іздеп тауып, үйге аман-сау жеткізген аудандық полиция бөлімінің қызметкерлеріне алғыс айтқым келеді. Еңбектері жана берсін, алға өрлей беріңдер дегеннен басқа тілегім жоқ – деді, ұлымен қауышып қуанған Мереке Қошекенова.

Арыз түскеннен бастап, жоғалған азаматтың сипаттамасы мен суреті бойынша бағыттама алған полицейлер дереу іздестіру шараларына кірісті. Жұмыс нәтижесін көрсетіп, 31 жастағы тұрғынды Құрманғазы аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Біржан Махмудов пен ювеналды полиция инспекторы Ренат Мұқашев сол күні аудан аумағында жүрген жерінен анықтап, тапты.

  • Сол күні басшылықтан келіп түскен жоғалған азаматты іздестіру бағыттамасы бойынша, өзімізге бекітілген аумағымыздағы бос ғимараттарды, орталыққа қатынайтын көліктерді, базарлар мен сауда орындарын тексеруді бастадық. Фотосурет бойынша жоғалған азаматты танып, қайда бағыт алғанын сұрап, анасының іздеп жүргенін жеткізіп бөлімшеге алып келдік. Әрине, азаматтардың алғысын естіген қызметімізге жаңа серпін береді, күш-жігеріңнен бөлек қызметіңе деген құрметіңді еселейді. Алайда, жұмыста атқарған мұндай қызметімді өзім ерлікке теңемеймін, жәй ғана міндетімді орындадым деп есептеймін, – деді, учаскелік полиция инспекторы Біржан Махмудов.

Атыраулық полицейлер жақыныңыз жоғалып, хабар-ошарсыз кеткен уақытта дереу полиция қызметкерлеріне хабарлап, соңғы рет қайда және қашан көргеніңізді, қайда бағыт алғаны туралы ақпараттарды нақты жеткізудің маңызды екенін ескертеді. Ал, іздеу жарияланған тұлғалардың фотосуреттерінен немесе сипаттамаларын байқаған жағдайда міндетті түрде 102 нөміріне хабарласуыңызды сұраймыз.

Тақырып бойынша мақалалар

Back to top button