Өңірдегі Назарбаев Зияткерлік мектебінде күн панельдерінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Баламалы энергия көзіне арналған нысанды пайдалануға беру келесі айға жоспарланған.
Жоба ерікті әлеуметтік инвестициялар аясында Shell Kazakhstan компаниясының қолдауымен жүзеге асырылуда. Ағымдағы жылдың мамыр айында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы мен бас мердігер «МЭК-Астана» ЖШС арасында келіссөздер өтті.
«Бүгінгі таңда жұмыстар 70 пайызға аяқталып отыр. Ендігі кезекті күн панельдерін толық орнату және оларды алдын-ала сынақтан өткізуге дайындау қалды. Инверторлық бөлмеде инженерлер күн станцияларын қашықтықта басқара алады. Сол үшін тиісті жабдықтарды орнатып белгіленген баптауларды орындауымыз керек. Жалпы нысанды аяқтау үшін 6 адам жұмылдырылған», – деді мердігер мекеменің өкілі Бақтияр Смағұлов.
Электр станциясының ұзындығы 73 метр. Биіктігі 4 метрге жетеді. Күн батареясының тіректері 13 блокқа бөлінген, олардың арасында спорттық іс-шаралар кезінде көрермендер үшін екі сатылы мінбелер қарастырылған.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін мұндай күн панельдері Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау және Оралдағы Назарбаев Зияткерлік мектептерінде іске қосылған болатын. Экологиялық жобаны енгізумен Зияткерлік мектептердің электр энергиясына жұмсалатын шығындары 30% -ға дейін төмендеді. Қазіргі заманғы күн электр станциясы атыраулық оқушылардың ғылымдағы ізденістеріне жаңа серпін береді, – деді НЗМ баспасөз қызметінен.