АТЫРАУДА

АТЫРАУДА ӨЛГЕН АДАМДЫ «ПАЙДАЛАНҒАН» ТҰРҒЫН АНЫҚТАЛДЫ

Атырауда жігіт қайтыс болған адамның мемлекеттік нөмірін көлігіне тағып алған, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Атырау қаласы Полиция басқармасының патрульдік полицейлері жол қозғалысы ережелерін бұзушылықты, соның ішінде мемлекеттік тіркеу белгілері жалған, қолдан жасалған көліктерді анықтау іс-шарасын жүргізуде.

– Жыл басынан бері жалған немесе қолдан жасалған мемлекеттiк тiркеу нөмiрімен, сондай-ақ мемлекеттiк тiркеу нөмiр белгiлерiнің түрін өзгертетін, жасыратын құрылғылар мен материалдармен жабдықталған көлiк құралдарын басқарған 20-дан астам жүргізушіні анықтап, олардың барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді Атырау облысы Полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиев.

Мәселен, Атырау қаласы Полиция басқармасына 64 жастағы азаматша өзінің қайтыс болған күйеуінің атына айыппұл келе беретіндігі туралы шағымданды. Аталаған арыз бойынша патрульдік полиция қызметкерлері Жедел басқару орталығының бейнебақылау қызметкерлерімен бірлесіп, қайтыс болған адамның мемлекеттік тіркеу белгісін көлігіне тағып жүрген 20 жастағы қала тұрғынын Студенттер көшесі бойында анықтады. Жігіт қайтыс болған адамның мемлекеттік нөмірін өзінің Ресей мемлекетінде тіркелген ВАЗ-21114 автокөлігіне тағып, басқарып жүрген. Тексеріс барысында 20 жастағы азаматтың тағып жүрген жалған нөмірінде барлығы 350 840 теңгені құрайтын төленбеген 16 айыппұлы бар екендігі белгілі болды. Оның айтуынша, ол мемлекеттік тіркеу белгісін тауып алған. Қазіргі уақытта аталаған азаматқа қатысты іс-құжаттар жинақталуда.

Одан басқа, 9 желтоқсан күні сағат 23:00 шамасында Атырау қаласы Полиция басқармасының Жедел басқару орталығының бейнебақылау қызметкерлері Әуезов көшесінің бойынан күдік тудырған Lada Priora автокөлігін байқап, Батыс қызметкерлеріне бағыттама берген. Бағыттама бойынша аталған көлікті патрульдік полиция қызметерлері тоқтатып, тексеру кезінде көліктің мемлекеттік нөмірі жалған екендігін анықтады. Көлікті басқарған 20 жастағы жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабының 4-бөлімімен (Көрінеу жалған немесе қолдан жасалған мемлекеттік тіркеу нөмірі бергілері бар көлік құралын басқарған) әкімшілік хаттама жасақталып, жинақталған іс-құжаттар сотқа жолданды. Енді ол 20 АЕК мөлшерiнде айыппұл төлеуі немесе бiр жыл мерзiмге көлiк құралдарын басқару құқығынан айырылуы мүмкін.

Тақырып бойынша мақалалар

Back to top button