Бүгін Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Атырау облысы бойынша «Азаматтық альянсы» ЗТБ филиалының атқарушы директорының орынбасары Дана Жайлаубаева биыл наурызда «30 игі іс» қайырымдылық марафоны басталғанын айтты.
– Өңірде «Қайырымды істер марафоны» жобасында 260 іс-шара жүзеге асырылды. «30 игі іс» акциясы өткізіліп, 2 мыңнан астам көпбалалы отбасыға, мүмкіндігі шектеулі балаларға, жалғызбасты аналарға «Лидер» әмбебап маркетінің 15 000 теңгелік сертификаттары табысталды. «Сенімді құрылыс» компаниясы Жылыой ауданындағы мүмкіндігі шектеулі 60 балаға 20000 теңгелік азық-түлік сертификатын ұсынды. Өрт салдарынан баспанасыз қалған отбасыларға «Каспийская кадровая Ассоциация» және «TAMEEN» ЖШС қаржылай көмек көрсетті. «Атырау Инстрой» мекемесі демеушілікпен көпбалалы отбасыға Атырау қаласынан 2 бөлмелі пәтер сыйлады. «Қайырымды істер марафоны» жобасы аясында «Бейбарыс» хоккей командасының құрылтайшысы Болат Бушанов жеке қаражаты есебінен әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға, денсаулығында кінәраты бар балаларға емделуге қаражат берді. Аталмыш жобаға халықты, ұйымдар мен еңбек ұжымдарын тарту жөніндегі жұмыстар жандандырылуда.
Облыстық ішкі саясат басқармасының Азаматтық орталығының ұйымдастыруымен Атырау қаласының тұрғындары үшін алғаш рет «SattiDAY» қайырымдылық жобасы өтті. Қала тұрғындары бір күн бойы нан, ет және кондитерлік дүкендері, шаштараз бен киім дүкендері, тігін шеберханалары, ұялы телефон жөндеу қызметі, тамақ ішу орындары, спорт клубтары, психологиялық көмек, құқықтық кеңес, логопед мамандарынан консультация қызметін тегін және жеңілдік бағамен пайдаланды, – деген спикер аталған жобалар жалғасатынын жеткізді.