АТЫРАУДА

КЕШЕНДІ ЖОСПАР – ӨҢІРДІҢ ДАМУЫНА СОНЫ СЕРПІН БЕРЕДІ

«Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов облыстық мәслихаттың кезектен тыс VІ сессиясында 2021-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспарға сәйкес, жүзеге асырылатын жұмыстарды баяндады»,-деп хабарлайды Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Махамбет Досмұхамбетов алдымен аймақтың экологиялық ахуалы бойынша атқарылар жұмыстарға тоқталды.

«Жуырда өңірді одан ары дамытуға арналған 2021-2025 жылдарды қамтитын кешенді шаралар жоспары қабылданды. «Тухлая балка» булану алаңын қалпына келтіру жұмыстары басталды, аталған жұмыстарды 2023 жылы аяқтау жоспарлануда. Оған қоса, биыл қаланың сол жақ бөлігіндегі жаңа кәріздік-тазарту имараты іске қосылады. Атырау қаласының оң жағалау бөлігінде 2021-2023 жылдары кәріздік-тазарту имаратын жаңғырту жұмыстары, ал 2022-2024 жылдары «Квадрат» булану алаңын қалпына келтіру бойынша жұмыстар істеледі»,-деді өңір басшысы.

Өңір басшысының айтуынша, алдағы 5 жыл ішінде облыстық және аудандық маңызы бар 640 км-ден астам жол жөнделіп, реконструкцияланады. Сондай-ақ Атырау қаласында 400 км-ге жуық көше-жол желілерін салу және жөндеу жоспарлануда. Осылайша 2025 жылға қарай жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар үлесінің көрсеткішін 61 пайыздан 95 пайызға дейін жақсарту жоспарда тұр.

Махамбет Досмұхамбетов Кешенді жоспарға сәйкес, өнеркәсіп саласында да елеулі өзгерістер болатынын ортаға салды.

«Өнеркәсіп бағытында 2025 жылға қарай мұнай өндіруді 28,5%-ға, яғни 60 млн. тоннаға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Осы мақсатта мұнай өндіруді жылына 12 млн. тоннаға арттыру көзделген. Теңіз кен орнын болашақта кеңейту жобасы қарастырылған. Оған қоса Қашаған кен орнын тәжірибелік-өнеркәсіптік игеру – мұнай өндіруді жылына 2 млн. тоннаға дейін арттыруға тиіс»,-деді ол.

Облыс әкімі халықты толғандыратын ең маңызды әлеуметтік проблемалардың бірі тұрғын үй мәселесі екенін айта келіп, бұл бағыттағы құрылыс қарқынын арттыру да жоспарда екенін атап өтті.

«Атырау қаласында Талғайран жаңа тұрғын алабын салу бойынша жұмыстар белсенді жүруде, бас жоспарда оны 100 мың тұрғынға дейін дамыту көзделген. Оған қоса, 19 000 жер учаскесіне инфрақұрылым жүргізу жоспарлануда»,-деді М.Досмұхамбетов.

Сондай-ақ, Кешенді жоспар аясында халықтың демографиялық өсімін ескере отырып және үш ауысымды мектептер мәселесін шешу үшін 37 жаңа мектеп салынып, 128 білім ордасын жаңғыртылмақ.

Ал, медицина саласында алдағы жылдары 22 медициналық нысан, Атырау қаласынан 2 емхана және 350 төсектік көпбейінді аурухана салынбақ. Оған қоса психикалық және ЭКО орталықтары мен медициналық жәрдем станциясы да алдағы жылдары бой көтермек.

Халықтың денсаулығын жақсарту бағытында спорттың алар орны ерекше. Осы тұрғыда 2025 жылға дейін өңірде 15 спорт кешені мен 900 орындық мектеп-интернатын салу да жоспарда қарастырылыған.

Аймақ басшысының мәлімдеуінше, кәсіпкерлік саласында бүгінде облыста 50 мың шағын және орта бизнес субъектісі болса, аталған жоспар аясында олардың санын 55 мыңға жеткізіп, 25 пайызға көбейту көзделуде.

Сонымен қатар, ауыл шаруашылығында 23, балық шаруашылығында 9 инвестициялық жобана іске асыру жоспарланған.

Тақырып бойынша мақалалар

Back to top button