Атырауда дәрігерлердің салғырттығынан қайтыс болған 11 айлық баланың ісі бойынша үкім шықты. Кінәлі деп танылған дәрігерлер бас бостандықтарынан айрылғандарымен, түрмеге отырмайтын болды.
Дәрігерлер электронды құрылғының магнитін жұтып қойған 11 айлық балаға қажетті ем-домды көрсетпеген, деп хабарлайды “Экспресс К”
Оқиға 2019 жылдың желтоқсан айында болған. Ойнап отырған бала магнит жұтып қойып, облыстық балалар ауруханасына жеткізілген. Алайда дәрігерлер магнитті шығарудың орнына, өзі табиғи жолмен, нәжіс арқылы шығатынын айтқан. Бірақ сол күйі бала қайтыс болып кетті.
Қылмыстық іс ҚК 317 (Медицина немесе фармацевтика жұмыскерiнiң кәсiптік мiндеттерiн тиiсiнше орындамауы) бабымен тергелді.
Сот отырысы кезінде үш хирург пен бір педиатрдың салғырттық танытқандары дәлелденді. Соның салдарынан бала қайтыс болған. Олардың кінәларын сот-медициналық сараптамасы да дәлелдеп отыр.
— Күдіктілердің барлығы 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандықтарынан айыру жазасына кесілсін. Сондай-ақ Зулхашевқа 3 жыл, қалғандарына 2 жыл дәрігерлік қызметпен айналысуға тиым салынсын. Қылмыстық кодекске сәйкес Д.Тілеуғалиев, Е.Зулкашев, А.Адрисов, Ж.Тажгалиеваның әрекеттері онша ауыр емес қылмыстарға жататындықтан, «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңына сәйкес, олар бас бостандығынан айыру түріндегі жазадан босатылсын,- деп үкім етті сот.