Сыраны сімірген жасөспірімдер ұсталды.
102 операторына қала тұрғыны «Нұрсая» шағын ауданындағы бала ойнайтын алаңда жасөспірімдер ішімдік ішіп отырғаны туралы хабар берген. Ювеналды полиция бөлімшесінің қызметкерлері тексеру кезінде 2006 және 2007 жылы туған екі жасөспірімді медициналық сараптамаға апарды. Сараптаманың қорытындысымен жасөспірімдердің алкоголь ішімдік ішкені анықталды. Сыра ішкен 14 және 15 жастағы жасөспірімге қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 440-бабы 2-бөлігімен әкімшілік хаттамалар толтырылды. Олардың ата-анасына 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды.
Сондай-ақ, «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде түнгі сағат 23:00-ден кейін көшеде қыдырып жүрген 30-ға жуық жасөспірім анықталған. Олардың ата-анасы Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 442-бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартылған.