Мұз ойылып 2 жігіт суға кетіп қала жаздады.
Жайық өзенінің бетіндегі мұз ойылып үстінде жүрген 2003 ж.т., жігіт суға кетіп бара жатқанын көріп жанындағы досы көмекке келген. Оқиғаға куә болған тұрғындар арнайы мамандарды көмекке шақырған. Алайда екі жігіт өз күштерімен өзеннің арғы жағына өтіп аман қалды. Аязды күні суға кету қаупінен аман қалған жігіттерге жағадағы Атырау қаласы полиция басқармасының №86 стационарлық бекетінің қызметкерлері алғашқы көмек көрсетіп, жедел-жәрдем қызметкерлерін шақырды.
Атырау облысының полицейлері мұз бетінде жүру қауіпті екендігін ескертеді.
Айта кетейік, тәулік бойы қызмет көрсететін стационарлық полиция бекеттері құқық бұзушылықтар мен қылмыстың алдын алуға бағытталған патрульдік-бекеттік қызмет атқарудың негізгі нысаны болып саналады. Мақсат – халық көп жиналатын қоғамдық орындар мен криминогендік учаскелерде, сондай-ақ құқық бұзушылық жиі тіркелетін аумақтарда полиция қызметкерлерінің тұрақты болуын қамтамасыз ету, сондай-ақ қоғамдық тәртіптің жай-күйін тікелей қадағалау және азаматтардың өтініштері бойынша шараларды жедел қабылдауды ұйымдастыру болатын.