АТЫРАУДА

АТЫРАУЛЫҚ ЖІГІТ КӨПІРДЕН СЕКІРМЕК БОЛДЫ

Атыраулық полицейлер көпірден секірмек болған жігітті құтқарды.

1 желтоқсан күні сағат 1:50 шамасында 38 жастағы Атырау қаласының тұрғыны Балықшы көпірінен секіріп, өз-өзіне қол жұмсамақ болған. Өздеріне бекітілген әкімшілік аумақтарын аралау кезінде учаскелік полиция инспекторлары көпірден секірмек болған азаматты байқаған. Дереу жақын маңдағы учаскелік полиция инспекторларын көмекке шақыру мақсатында радиоқабылдағыш арқылы хабарлаған.

Полицейлердің кеудесіндегі жетонға жазылған бейнетаспада көпірді тек қана қолымен ұстап тұрған ер адамды байқауға болады. Бір полицей онымен әңгімелесіп, секірмеуге және асықпай ойлануға шақыру арқылы алаңдатуға тырысады. Сол уақытта өзге қызметкерлер оны ұстап, көпір үстіне шығаруға оқталған.

  • Тәртіп сақшылары полиция капитандары Нұрбаба Калидуллин, Бекежан Сабировтың, Ғалым Кабделов, Мейрамбек Қангерейұлы және полиция аға лейтенанты Ораз Тажикеновтың қырағылығының арқасында өз өміріне қол салмақ болған ер адамға санаулы минуттардың ішінде көмек көрсетіліп, құтқарылды. Бұл қашан да полицейлердің тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз етуде еш аянып қалмайтынына тағы бір мәрте дәлел деп айтар едім, – деді, Атырау облысы полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Қамза Үмбетқалиев.
  • Құтқарудан өзге ештеңе ойлаған жоқпыз. Кез-келген полицей ондай жағдайға тап болғанда тез арада көмек беруді ғана ойлайды. Көпірге асылып, қолымен темірді ұстап тұрған ер адамды байқадым. Түн іші, қыстың бірінші күні, темірдің суықтығына шыдай алмай көпірге секіріп кетсе жағдай ушығып кететінін түсініп: – Қолыңды жіберме, ұста, қолыңнан ұстайын ба? Қолыңды маған бер дей бердім. Екінші әріптесім олай жасама, бауырларыңды ойла, ата-анаң бар, сені үйде күтіп отыр деп жатты. Ондай сәтте басты күш сенің моральдық-психологиялық дайындығыңа түседі деп айтар едім. Себебі, қызмет бабында мен және менің әріптестерім түрлі қауіп-қатердің алдыңғы қатарында жүреміз. Сол сәтті ұзақ уақыт ойталқысына салатын кездер де болады, – деді, полиция капитаны Мейрамбек Қангерейұлы.

Тақырып бойынша мақалалар

Back to top button