Бақытгүл Хаменоваға қатысты жаңалық пайда болды

by Depti
0 views

Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменованың анасы фейсбукте жазба жариялады.

“Баршаға қайырлы күн! Күнәдан, мына дүниенің қым-қуыт айла-шарғыларынан пәк балалар мерекесі құтты болсын! Бүгіннен бастап апам Бақытгүл Хаменованың парақшасын мен, сіңлісі Айнұр Хаменова жүргізбекпін. Бақытгүлдің ісі бойынша мәлім/беймәлім, рас/жалған, алып-қашпа/нақты деректердің ара жігін ажыратып, таныстырып отыру – басты мақсат. Жарты жыл үзілістен кейінгі алғашқы жазба – анамыз Қалампырға тиесілі. Сәл өңделгені болмаса, анамыздың жан дүниесіндегі ахуалды қаз-қалпында беруге тырыстық.

ЖАРЫҒЫМ-АЙ…

Жан дүниемнің астаң-кестең болғанына, аналық жүрегімнің парша-паршасы шығып, тілім-тілім болғанына жарты жыл болыпты. Тергеудің ғасырға бергісіз алты айынан кейін өткелі тұрған сотта әділдік үстемдік құрып, өзің тірнектеп, тырнақтап жиған абыройыңмен, өміріңнің мәні – ұлдарыңмен қауышасың деп сенемін. Әлдекімдер айтқандай, алдағы соттың шешімі «саяси астары бар тапсырыстың» оң жамбасына келуі мүмкін деген болжам туралы ойлағым да келмейді. Жұрт жамырай жазып жатқан көп сөз бен боқ сөз тағдырды шешпейтін шығар. Құдды қаныпезер қылмыскер секілді қос ұлыңның көз алдында қолыңды кісендеп әкеткен кездегі сөзің көкірегімде сайрап тұр, ботам. «Апа, жылама! Ақтығымды дәлелдемей қоймаймын. Өлсем де, кінәсіз екенімді дәлелдеп өлемін!» дедің. «Сенің табаныңа кірген шөңге менің маңдайыма қадалсын» дейтін Ана үшін бауыр етің балаңның қиянат шеккенін, нақақтан нақақ күйгенін көргеннен артық қасірет бар ма, АДАМДАР?!. Сол зауал сәттен бері сенің бұл сөзің жаныма демеу, көңіліме медеу боп, күнді күнге жалғап келемін, қызым. Тек сен мұқала көрме, қызым… Әкеңнен дарыған қайсарлық пен өжет болмысыңнан көз жазып қала көрме… Сенің сынғаның – анаңның, бауырларыңның, балаларыңның «күйрегені». Жаратушыға тәуекел етіп, сенің ақтығыңа сеніп отырған аз ғана тілеулесің үшін мықты болмауға қақың жоқ.Істің ақ-қарасы анықталғанша балаларының қасында болсыншы деген өтінішімді құзырлылардың естігісі келмеді. Әттең, мүмкін емес, әйтпесе екі балаңның жанарындағы мұңды көргенше, өзім-ақ сол түрмеде сенің орныңа отырар ем… Атыңды жамылып, дүниені лайлап жүрген ер адамдар үйлерінде бостандықта жүр, қос балаң қараусыз қалса да, әйел басыңмен дәлелсіз-дәйексіз сені темір торға тоғытты.Саған жүкті кезімде марқұм әкең де жазықсыз «істі болып», сегіз ай сергелдеңге түскен еді. Сен дүниеге келгенде, әкеңнің кінәсіздігі дәлелденіп, «мына қара қызым бақыт әкелді» атыңды Бақытгүл қойып еді. Енді сенің тілеуіңді тілеп, ақталып шығып абыройыңмен, қос құлыныңмен қауышсыншы деп, кеше дүниеге келген немеремді «Бақсейіт» атадым.Өзіңнен жырақтатқан өткен жылдың желтоқсанындағы ЗОБАЛАҢДЫ Алланың сынағы деп қабылдап, ел-жұртқа сынық көрінбейін деп еңсемді тіктеп, айналамның жарымжан көңілін жабырқатпайын деп есімді жияын десем де, мына жұрттың оңды-солды зәрлі, ғайбат, қиянат сөздері мен тірлігі өмірден түңілдірерліктей екен… Соншалықты улы запыран төгерліктей, соншалықты жер-жебіріне жетіп, өзіне, балаларына өшпенділікпен қастық, жамандық тілейтіндей, қызым Бақытгүл Хаменова не жазды? Жаны жүдеу анасы бар-ау, қорғансыз балалары бар-ау, соларға ауыр тиер-ау дейтіндердің қарасының аз болғанына налыдым, азаландым, қатты қапаландым… Алла бұл күйді ешкімнің басына бермесін! Алла ешкімді перзентінің жазықсыз жәбірленуімен сынамасын!Бақытгүл қызым елге келгеннен бері жарғақ құлағы жастыққа тимей, үй көрмей, екі баласына қарауға шамасы келмей халыққа қызмет етті. Пандемия кезінде науқастарға жағдай жасаймын деп аурухана жағалап талай таңды атырғанына мен ғана емес, талай әріптесі куә.Үйлеспей, кері кеткен істің сиқын көргенде қатты мінез танытқан тұстары да болар, бірақ онсыз іс бітпес те еді.Арқа сүйер әкесі, тіреп тұрған көкесі жоқ, титтейінен қара жұмысқа шыңдалып, білімді серігі етті. Қай биікке болмасын Жаратушы қолдап, өз күшімен тырмысып шыққан Бақытгүл қызымды оңды-солды қаралауға ешкімнің қақысы жоқ-ау… Отбасымызбен адамнан алғыстан басқаны естімеп ек. Бұл күнде жүйесіз қарғысқа көміліп отырмыз. Жасы да, жасамысы, естісі де, есуасы да, танысы да, бейтанысы да жарыса ғайбаттап әлек әйтеуір… Бес баламызбен бірге оқыған қаншама ұл-қызды аналық-әкелік құшағымызға алып, мейірім танытқаннан басқаны білмедік. Қара су, қара нан жесек те, «Алла абыройдан айыра көрмесін!» деп тіледік. Бақытгүл қызымның тілінен де, ділінен де осы сөз түспеген еді. Оны да сөз қылып, әбден жерлепсіздер, қайтейін…Ғибадат, дұғамдасың, қызым! Бір Алла өзіңе жар болсын! Раббыңа тапсырдым, тәуекел еттім! Бір Алла бізге жеткілікті!” делінген фейсбуктегі жазбада.

You may also like

This material is not allowed for publication, broadcast, rewritten or redistributed. ©2021 PenciDesign. All rights reserved. Market data provided by Market.com. Powered and implemented by Web Design Solution. Legal Statement. News and Informations data provided by Example.Com