“БЕРСЕҢ, БАЛАҒА БЕР” ДЕГЕН…

by Depti
2 views

Атырау облыстық балаларды оңалту орталығында жұлдызды мейман қонақта болды. Орталықтың педагогтарын кәсіби мерекесімен Атырау облыстық Дін істері басқармасына қарасты «Шапағат» діни-диструктивтік ағымдардан жапа шеккендерге қолдау қорының ұжымы және белгілі өнер жұлдызы Бейбіт Көшқалиев құттықтады.

Қонақтар оңалту орталығының ұстаздарын кәсіби мерекемен құттықтай отырып, мұндағы ерекше балаларға да базарлық сыйлады. Олар қызықты ойындар ұйымдастырып, орталық тәрбиеленушілеріне тәттілерді алып келді.

– Жыл сайын қазан айының басында ұстаздарды төл мерекесімен құттықтайтын әдеміз бар. Биыл да сол дәстүрді сақтай отырып, облыста ерекше балалармен жұмыс істейтін мамандардың қызметіне құрмет көрсетуді жөн санадық. Әрине, білім беру саласының барлық қызметкерлері де құрметке лайық. Алайда, тумысынан денсаулығында ақауы бар және ерекше білім беруді қажет ететін балалармен жұмыс істейтін сала мамандарына құрмет бір саты жоғары болуы керек деп есептеймін. Сол үшін де қайырымдылық іс-шарамызды ұстаздардың кәсіби мерекесіне орайластырып орталық мамандарына мерекелік көңіл күй сыйлағымыз келді, – дейді «Шапағат» қорының бөлім басшысы Жаннат Жұмағалиева.

Елеулі күнге орай мамандардың тынымсыз еңбегін ескеріп, оларды мерекемен құттықтаған орталық қонақтарына Атырау облыстық балаларды оңалту орталығының директоры Бибігүл Жұмалиева алғыс хатты табыс етті. «Шапағат» діни-диструктивтік ағымдардан жапа шеккендерге қолдау қорының ұжымына еңбекте табыс тілеп, әлеуметтік қолдауына ризашылығын білдірген орталық басшысы ерекше балаларға жасалып жатқан қамқорлыққа риза болды.

– Ұстаз үшін ең үлкен қуаныш және ең үлкен жетістік оның еңбегінің қоғаммен бағаланғаны. Бүгін міне, біздің орталықтың мамандары соның анық дәлелін көрді. Сіздерге алғысымді білдіре отырып, атқарған қызметтеріңізде табыс тілеймін, – деді Атырау облыстық балаларды оңалту орталығының басшысы Бибігүл Жұмалиева.

Шараға қатысушыларды әдемі әнмен тербеген өлкенің белгілі өнер жұлдызы Бейбіт Көшқалиев, мұндай шараларды жиі өткізу керектігін, осылайша қоғам назарын ерекше балаларға аудару қажеттігін атап өтті.

✍ Атырау облыстық балаларды оңалту орталығының баспасөз қызметі

You may also like

This material is not allowed for publication, broadcast, rewritten or redistributed. ©2021 PenciDesign. All rights reserved. Market data provided by Market.com. Powered and implemented by Web Design Solution. Legal Statement. News and Informations data provided by Example.Com