АТЫРАУДА

Мәжілісмен Серік Ерубаев «ТШО» нысандарын аралады (+ФОТО)

Парламент Мәжілісінің депутаты Серік Ерубаев «Теңізшевройл» кәсіпорнының нысандарын аралап, ондағы жұмыс барысымен танысты.

Сондай-ақ, аталған депутаттың қоғамдық көмекшісі А.Сайфуллин, Атырау қалалық мәслихат депутаты Ж.Исмагулов және Жылыой аудандық мәслихат депутаты Р.Алмағамбетов те делегация құрамында болды.

  • Депутаттар кәсіпорындағы қатты қалдықтар полигонына барып, ондағы жұмыстың жүйелі ұйымдастырылғанына көз жеткізді. Яғни, мұнда ешқандай жағымсыз иіс байқалмайды. Барлық жұмыс соңғы үлгідегі таңдай қақтырар технологияның көмегімен атқарылып жатыр.
  • Кәріз тазарту қондырғысы да қазіргі заман талаптарына толықтай жауап береді. Пайдаланылған судың 70 пайызы тазартылып, кәсіпорынның техникалық қажеттіліктеріне қайта жаратылады екен.

Кәсіпорынның қоршаған ортаны қорғау жөніндегі кеңесшісі Талғатбек Мұратбаев өндіріске қажет суды үнемдеу үшін оны қайта пайдалану технологиясы қолға алынғанын айтады.

– Жасыратын несі бар, еліміздің батыс аймақтарында, әсіресе, Атырау секілді өндірісті өңірлерде қазірдің өзінде тұщы су тапшы болып жатыр. Соған қарамастан, халық суды кез келген қажетіне жаратуда. Біздің серіктестікке келсек, өндірісте қолданылатын судың жартысына жуығы заманауи технология арқылы қайта пайдаланылады. Бұдан өндіріске келіп-кетер зиян да, залал да жоқ.

Осыдан сегіз жыл бұрын мұнда шаруашылық-тұрмыстық суды тазарту үшін кәріздік тазарту қондырғылары іске қосылған еді. Үш жыл бұрын жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, оның қуаты ұлғайды. Ал, 2016 жылы суды қайта пайдалану қондырғысы іске қосылды. Оған құйылатын ағынды су екі рет тазартылады. Алдымен,  биореактордан, содан соң микросүзгіден өтіп, гипохлоридпен залалсыздандырылады. Сөйтіп, жоғары сапалы су өндіріске жіберіледі.

Менің ойымша, суды үнемдеу мәселесі әр адамның санасына байланысты шешілетін сияқты. Бірақ, әрине, «әркімдікі өзіне» деп бейқам отыруға болмайды. Сондықтан, санаға сәуле шашуға әрекеттену керек. Мәселен, біздің мекеме басшылығы ұжым арасында қалдықтарды қайта пайдалану мәдениетін қалыптастыруға жұмыстанып жатыр. Осындай бастамалар басқа да ірі өндіріс ошақтары мен шағын және орта кәсіпкерлік нысандарында қолға алынса деген тілегім бар. Өйткені, туған өлкемізге өзімізден өзгенің өзегі өртенбейтінін өмір көрсетіп отыр, – дейді серіктестік маманы.

Сайып келгенде, бүгінде ТШО-ның алдында екі міндет тұр. Бірі – магистралдық су құбырынан келетін су көлемін азайту. Екіншісі – суды мейлінше аз тұтынатын құрал-жабдықтарды қолдану.

Шүкір, қазірдің өзінде Теңіз кен орнында барлық қалдықтың 35-ке жуық түрі сәтті өңделіп, кәдеге жаратылуда. Кейбірін кәсіпорын өз бетінше өңдесе, енді бірімен мамандандырылған ұйымдар айналысуда.

Арнайы біліктілік сатысынан өтіп, мүмкіндіктерін іс жүзінде растаған мұндай ұйымдарды жергілікті әкімдік те жұмысқа тартса, бәлкім, біз де үнемдеуді үйренер ме едік?!

Сондай-ақ, депутат Серік Ерубаев Жылыой ауданының әкімімен кездесіп, аудан ахуалымен толықтай танысты.

Соңында Серік Сәрсенұлы кәсіпорын қызметкерлерін Президент тапсырған жобаларды бірлесіп атқаруға шақырды.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

img 20220224 wa0185
img 20220224 wa0190
img 20220224 wa0156
img 20220224 wa0148
img 20220224 wa0151

Тақырып бойынша мақалалар

Back to top button