Рахымжан Отарбаев шығармашылығы: дәстүр мен жаңашылдық (+ФОТО)

522f38d4 b2a8 4409 a359 baa9756fac78

Атырауда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық Шыңғыс Айтматов академиясының академигі, «Парасат» орденінің иегері, көрнекті жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың 65 жылдығына орай  «Рахымжан Отарбаев шығармашылығы: дәстүр мен жаңашылдық»  атты халықаралық  ғылыми-шығармашылық конференциясы өтті.  

     Онлайн, офлайн форматта өткен шараға жазушы шығармашылығын зерттеушілер, ғалымдар, әдебиетшілер, аудармашы, баспагерлер, алыс-жақын шет елден, еліміздің әр қиырынан  рахымжантанушылар қатысты. Жиында облыс әкімінің орынбасары Нариман Таушов аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетовтің тілегін жеткізді. 

      – Ұлы даланың тылсым тарихы да, ақиқаттың ащы дәмі де, қоғамның бет пердесі – Рахымжан Отарбаев шығармаларының басты тақырыбы. Рахымжан Отарбаев қазақ әдебиетінде тұтас тұлғалар галереясын жасады. Қарапайым ауыл қазағынан бастап Махамбеттей ірі тұлғаның образына дейін сомдады. 

Бірегей қаламгердің нағыз кемел шағында дүниеден озғаны өкінішті-ақ. Алайда Рахымжан Отарбаев жасаған мәдени мұраның халқымен бірге өмір сүріп, мазмұн-мағынасын жоғалтпайтыны – көңілге медеу.

2021 11 12 150848507600 1

 Бүгінгі шараға қатынасып отырған барша оқырман, ағамыздың отбасы, алыс-жақыннан келген қаламгер достары үшін бүгінгі күн айрықша тарихи дата болып саналатынына сенеміз.

       Рахымжан Қасымғалиұлы тек сөз зергері емес, үлкен мемлекетшіл тұлға болды. Замананың, дәуірдің тынысын тап басып таныды. Ел тәуелсіздігін алған уақыт ішінде ұлтымыздың жоғалғанын түгендеуге, асылдарымызды тануға, руханияттың өркендеуіне бар жігерімен еңбек етті. Ұлы данышпан Абай атамыз «Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйенерге жарар ол» деп бекер айтпаса керек.

260c47dd 4b75 4325 87f8 6084ff6fa848

Туған елінің бағына жаралған Рахымжан Қасымғалиұлындай таланттың жұлдызы жарқырай бермек. Сөз танитын, көкірегі сәулелі ұрпақ үшін, асылын ардақтаған ел үшін мәңгі жасайды. Өзіне өлмейтін ескерткіш жасап кеткен ағамыздың рухы сәулелі болсын! Артында қалған отбасын, ұлы Ермерейін, туған халқын желеп-жебеп жата берсін деген тілек білдіремін, – деген облыс әкімінің орынбасары тағылымды шараның жоғары деңгейде өтуіне тілектестігін білдірді.

1b9acf5a 9811 4171 b62e 1853cdbcba21

     Конференцияда германиялық баспагер-журналист  Марио Пшеро, мәскеулік мәдениеттанушы, филолог Марианна Дударева, әзірбайжандық  Ибрагим Мұсаоғлы, қырғыздың ақыны Болотбек Таштаналиев  онлайн қатысып, жазушының шығармашылығы туралы әңгімеледі. 

Конференция барысында «Рахымжан Отарбаев драматуриясы:зерттеу мен зерделеу» конкурсының жеңімпаздары марапатталды. Сонымен қатар, Рахымжан Отарбаев сайтының www.rahimzhanotarbayev.kz таныстырылымы өтті. Сондай-ақ, жазушының «Бас» романының әзірбайжан  тіліндегі кітабының тұсауы кесілді.

Рита Өтеуғали

Бізді әлеуметтік желілерде бөлісіңіз: