АТЫРАУДА

ШЕКАРАШЫЛАРДЫҢ ШЫРАЙЛЫ ШАРАСЫ (+фото)

Адамға ең керегі бір ауыз жылы сөз ғой. Жылы сөзбен кез – келген  адамды қандай да бір жағдайдан, тіпті тамұқтан да аман – есен алып шығасың.

Қиды күрекпен, миды жүрекпен тазалайсың. Жүрегің таза болса тұтас әлемді нұрыңа бөлейсің. Жүрегі таза жандар ғана өзгенің бақытына үлес қоса алады. Өзгенің бақытына үлес қосып жүрген жандар кез – келген саладан да табылады.

Шекара қызметкерлерінің де жүрегі, жаны елімен бірге. Олар да қайырымдылыққа, мейрімге қызметпен қатар сүрлеу сала алды. Қазіргі мына пандемия жайлаған қорқынышы мен үрейі басым тұтас әлемнің жағдайына қарап тұрып, бір – бірімізге тек жылы сөз айтып, қайырымдылықпен ғана айналасып тұтас әлемді құтқара аламыз.

Сонымен қатар шекара қызметкерлері де тек елдің мүддесін ғана емес қоғамның, әлемнің дертін ізгілікпен, мейіріммен емдей алды. Балалар жыламаса деді.  «Әр қазақ менің жалғызым» дейді ақын Сабыр Адай. Міне, осы сөз шекара қызметкерлерінің кредосына айналғандай. Адамдарды кейде таршылық, кейде баршылық сынайды. Тек баламызбен сынамаса екен дейді. 

Сол балаларымызға көмегін аямай қайырымдылықпен айналысу мақсатында ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті «Жағалау күзеті» 3 дивизионы атынан «Атырау балаларға арналған № 3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына» көмек көрсетілді. Көмекті «Жағалау күзеті» 3 дивизионының Тәрбие бөлім басшысы Байетов Ринат табыстады. 

Денсаулық мүмкіндіктері  шектеулі балалардың жалпы саны 77. Орталықта ата – анасының қадағалауымен тәрбие алып жатқан және анасынан, әкесінен де бейхабар бүлдіршендер бар. Осы сәтте «Бала – тапқандікі емес, бала қаққан мен баққандікі» деген  жазушы Асқар Сүлейменовтың сөздері санаңды сан – cаққа жүгіртеді. Ұжым атынан тәттілер мен  үтік, ас үй ыдыстары сынды тұрмысқа керекті заттар ұсынылды.  Орталық директоры Анар Маратқызы  шекарашыларға алғысын білдірді. Сонымен қатар әңгіме барысында балаларға арналған ас үй ыдыстарының тапшылығы болғандығын айта кетті. 

Қайырымдылық іс – шараларымен келген қонақтарды, бүлдіршіндер құшақ жая қарсы алып, әзірлеген шағын концерттік өнерлерін көрсетті. Бүлдіршіндердің орындауында «Буратино» биі мен «Танго» биі орындалды. Өнер – жаныңды нұрландырып, жүрегіңді тазалайды.  Бүлдіршіндердің өнерінен тәрбиешілерден алған  рухани тәлімдері байқалып, кішкентай жүректің өнері үлкен жүректерге жетті.  Балалардың өнерін тамашалап, олардың жанарына үңілсең тұтас ғасырдың арман мен аңсар, үміттерін көресің, сезесің. Сол үміт аңсарды аяқ асты етпейтін жандардың барына да, балалардың қуанышына да шүкір етесің.

Шара барысында шекара қызметінің өкілі Ринат Манапұлына орталық қызметкерлеріне де сөз ұсынды.  Бүлдіршіндерге деген бар ықыласын білдіріп, орталықта қызмет етіп жатқан қызметкерлердің еңбегіне бас иіп, кішкентай бүлдіршіндерге ұзақ ғұмыр тілей отырып, әлі де көмек көрсететінін айта кетті.

Жүректен  шыққан сөз жүректерге жетті. Қаншама жылы сөздер мен мейірім төгілді. Сондай ортада өзіңнің тірі екеніңді, бар екеніңді сезесің. Өмірге деген құштарлығың оянады. Жақсыменен өткізген жарты сағат, жаманның өтіп кеткен ғұмырындай.

Сол жарты сағаттық шарада өмір, тағдыр, үміт болды. Материалдық құндылықпен қатар Рухани қолдаулар білінді. Қараша айы ызғарында орталыққа көмегін аямай келген жандар мен қызметкерлердің ізгі тілегің тыңдап, жүректер жылынды. Шара соңын орталық директоры Анар Маратқызы шекарашыларға деген алғысымен қорытындылады.

img 20211126 wa0191
img 20211126 wa0192
img 20211126 wa0189
img 20211126 wa0188

Тақырып бойынша мақалалар

Back to top button