Атырауда ер адам азаматтық некедегі әйелін пышақтап тастады. Екеуінің некеден ортақ екі баласы бар, деп хабарлайды Экспресс К.
Басында тату-тәтті өмір сүрген олар, кейін ұрсыса бастап, әйелі бөлек үйге шығып кеткен. Бұл күйеуінің ашуын туғызып, бірнеше рет үйіне келіп, әйелін өлімше етіп сабап кететін болған.
“Мен үнемі полицияға арыз жазып жүрмін. Өйткені мені ұрып-соғып, балағаттап, қорқытады. Бірақ полиция оны алып кетіп, бір күннен соң жібере салады. Кейде ескерту ғана жасайды да, қылмысқа көз жұмады. Полицияның жұмыс істемейтінін көріп, ол мені ұра беретін. Тіпті балабақшаның алдында да, балаларымның көзінше де ұрды. Ол ішіп алып, көлік жүргізеді, бірақ бәрі бір полиция тоқтатпайды”, — дейді екі баланың анасы.
9 наурызда әйел достарымен дүкеннен келе жатқанда, күйеуі оны есік алдынан күтіп алып, үлкен ас үй пышағымен оған шаба жөнелген. Әйелге бірнеше рет пышақ сұғып, қолын шапқысы келген.
- Мені аулада күтіп отыр екен. Үлкен пышақты сұға бастады. Достарымның оған әлі келмеді. Мен қолыммен денемді жауып жатырдым. Кейін зорға дегенде құтылдық. Қолымның сау-тамтығы қалмапты. Мен есімнен танып қалдым, — дейді әйел.
Жапа шеккен әйелге Атырау облыстық аураханасында төрт сағат ауыр операция жасалды. Оның ішкі ағзаларына зақым келіп, қолы тігілген. Қайта аяққа тұрып кетуге біршама уақыт керек.
- Оны тағы да бостандыққа жіберіп сала ма деп қорқамын. Осыған дейін барлық қылмысына полиция неге көз жұма қарады? Осылай пышақталып жүреміз бе? — дейді әйел жылап.
Атырау облыстық полиция департаменті тек күдікті ұсталғанын, ал қалған ақпарат тергеу мүдделеріне байланысты жариялауға жатпайтынын хабарлады.
- Менен қылмыс туралы ешкімге айтпасын деп қолхат алды. Олар кімнен қорқып отыр? Неге менің ісімді құпия ұстап отырғандары түсініксіз, — дейді әйел.