Жайық-Атырау бекiре балық өсiру зауытында бекіре балықтарының шабақтарын Каспий теңізіне жіберу шарасы жүзеге асырылды.
Бекіре тұқымдас балықтар Каспий теңізіндегі ең бағалы балық түрлері. Бүгінде бұл балық түрі Халықаралық табиғатты және табиғи қорларды қорғау одағымен «жойылып кету қаупі төніп тұрған балық түрлері» санатына кіргізілген. Аталған балық қорларының қазіргі жағдайы өте ауыр деп бағаланады, бұған уылдырық шашуға қатысатын жетілген дарақтар санының айтарлықтай төмендеуі дәлел. 2014 жылы Каспий маңы мемлекеттері бекіре тұқымдас балықтардың популяциясын қалпына келтіру үшін оларды кәсіпшілік аулауға тыйым салу туралы келісімге келді.
NCOC компаниясы жыл сайын бекіре тұқымдас балықтардың популяциясын сақтау мақсатында қоршаған ортаны қорғау шарасы ретінде бекіре тұқымдас балықтардың шабақтарын теңізге жіберу жобасын жүзеге асырады. Биыл NCOC компаниясы Жайық-Атырау бекiре балық өсiру зауытында жасанды жолмен өсірілген бекіре тұқымдас балық шабақтарының шамамен 27 000 данасын теңізге жіберді.
Бұл жоба басталғаннан бері бекіре тұқымдас балықтардың популяциясына қолдау көрсету үшін 1 миллионнан астам шабақ теңізге еркін жүзуге жіберілгенін айта кету керек. NCOC алдағы жылдары Жайық өзеніне өмір сүруге төзімді қылып өсірілген бекіре тұқымдас балық шабақтарын теңізге жіберу шараларын жалғастырады.
NCOC компаниясы Солтүстік Каспийдің балық ресурстарын сақтау мәселесін қоршаған ортаны қорғау жөніндегі бірінші кезектегі міндеттердің бірі ретінде қарастырады. Осылайша 2018 жылы Компания Жайық-Атырау бекiре балық өсiру зауытын сумен жабдықтау жүйесін жаңғыртуға және аналық балықтарға арналған арнайы хауыздар сатып алуға қаржылық қолдау көрсетті. Жақын арада компанияның қолдауымен электрмен және сумен жабдықтау жүйелерін қайта құру, аулап алынған бекіре тұқымдас балықтардың өндірушілерін қабылдайтын және кәсіпорын кемелері тұрақтайтын айлақ салу, қыстайтын тоғандар салу және Жайық-Атырау бекiре балық өсiру зауытының сорғы қондырғыларын ауыстыру жұмыстары жүргізілетін болады.