ҚазақстандаБЕЙНЕТАСПА

ДАБЫЛ! Қажетті дәрілер дәріханадан жоғалуы мүмкін

Дәріхана иелері денсаулық сақтау министрлігінен дәрі-дәрмек бағасына қатысты заң жобасын қайта қарауды сұрады.

Кәсіпкерлердің айтуынша, мемлекет тарапынан бағаны бақылау ережесі салдарынан дәрі нарығында тапшылық байқалған. Мәселен, ең қажетті деген препараттар мөлшері айтарлықтай азайып кеткен.

Гүлжан Досанова – шағын дәріхана иесі. Ол соңғы уақытта кейбір дәріні ұзақ уақыт іздеуге тура келеді дейді. Айтуынша, нарықта тапшылық байқалған. Мысалы, қазір балаларға арналған суспензия-антибиотиктер жетіспейді екен.

«Жайдан-жай жоқ болып кетті. 15-20 шақты түрі болған, қазір дәріханада 4-5 түрі ғана бар. Мәселен, баланы бактерия немесе зеңнен емдегенде басқа антибиотиктер керек болады. Ал олар дәріханада жоқ. Препараттар ассортиментінде тапшылық пайда болды», – деп мәлімдеді Гүлжан Досанова. 

Кәсіпкерлер бұған денсаулық сақтау министрлігінің баға шегіне қатысты заңы себепші дейді. Бағаны көрсетілген шектен жоғары белгілеуге болмайды. Бұлай болмаған жағдайда айыппұл салынады екен. Осыған байланысты халықаралық дәрі өндірушілері Қазақстан нарығынан кетіп жатыр дейді олар. 

«Әлемге белгілі еуропалық компаниялар біздің нарықтан кетіп қалды. Неге? Себебі 2019 жылы қабылданған бағаны бақылау заңы баға саясатын дұрыс реттемейді. Бір антибиотикті 3 000 теңге көлемінде сатып алдық, ал нарықтағы бағасы шамамен 4 000 теңге. Баға саясатында оны 800 теңге деп жазып қойыпты. Мұны Қазақстанға кім алып келеді ?» – дейді дәріхана иесі Камилла Коберидзе.

Осы себепті кәсіпкерлер заңды өзгертіп, нарықтың бағаны өзі реттеуіне мүмкіндік беруін сұрайды. Денсаулық сақтау министрлігінде заң жобасын тұрғындардың бағаның қымбаттауына байланысты түсірген шағымынан кейін қабылдағанын айтты. Нәтижесінде саудагерлердің табысын азайту туралы шешім қабылданыпты. 

«Табыс бұрынғыға қарағанда біршама азайды деп санаймыз. Зауыт бағасын нақтылағаннан кейін ғана баға орнатамыз. Ол жақта барлық шығын мен үстеме құны есептеледі. Одан кейін табыс мөлшері. Қазір нарықта қажетті дәрілердің барлығы бар», – деп мәлімдеді министрлік өкілі Ержан Жүнісов. 

Дәріханашылар шенділер заңға өзгеріс енгізеді деп үміттенеді. Тек осылай ғана дәрі-дәрмек тапшылығының алдын ала аламыз дейді олар. 

«Информбюро»

Тақырып бойынша мақалалар

Back to top button